Фото: istockphoto.com
Жетісу облысында ірі көлемдегі мал ұрлығы тіркеліп, бақташының оқиғаға қатысы бар екені анықталды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ескелді ауданының тұрғыны полицияға шағым түсіріп, жайылымда жүрген 81 бас асыл тұқымды «Алатау» сиырының 39-ы жоғалғанын мәлімдеген. Келтірілген шығын көлемі 46 миллион теңгеден асып отыр.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері дереу іздестіру шараларын бастаған.
Тергеу барысында күдіктінің 45 жастағы бақташы екені белгілі болды. Ол мал иесінің сеніміне кіріп, 17 жыл бойы шаруашылықта жұмыс істеген. Алайда оның ұрлыққа қатысы дәлелденіп, күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұрланған мал толықтай иесіне қайтарылған.
