Фото: Алматы әкімдігі
Алматының Орталық стадионында өткен УЕФА Чемпиондар лигасының матчы Қазақстан футбол тарихында айтулы оқиға болды. «Қайрат» клубы әйгілі «Реал Мадридке» қарсы алаңға шығып, ойын 0:5 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл кездесу тек спорттық шара ғана емес, Алматы үшін нағыз футбол мерекесіне айналды. Ойынды стадионнан 23 мыңға жуық жанкүйер тамашаласа, қалаға Қытай, Ресей, Испания, Жапония, Ұлыбритания және Чехиядан келген 5 мыңнан аса шетелдік турист жиналды.
Қауіпсіздік үшін 2,5 мыңнан астам полицей мен 50-ге жуық әскери қызметкер жұмылдырылып, медициналық қызмет көрсету жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жанкүйерлердің қолайлылығы үшін метрополитеннің жұмысы түнгі 01:00-ге дейін ұзартылып, стадионнан қалаға 60 тегін автобус қатынады.
«Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны Алматының әлемдік деңгейдегі спорттық шараларды өткізуге қабілетті екенін және қонақжайлығын тағы бір дәлелдеді.
