23 ақп, 2024 сағат 17:49

Алматыдағы балабақшалардың бірінде бүлдіршін аяусыз соққыға жығылды

Әлеуметтік желілерде балабақшада балалардың топ ішіндегі бір бүлдіршінді жабылып ұрып жатқаны туралы видео тарады. 

«Біздің ұлымызды балалар аяусыз соққыға жыққан. Ұрып-соғу шамамен 5 минутқа созылды. Тәрбиеші жоқ, өз шаруасымен шығып кеткен. Баламыздың миы шайқалған, ауруханаға жаттық. Кішкентай балалар да осындай қатыгез болғаны ма?», - деп жазады зардап шеккен баланың ата-анасы. 


Қалалық білім басқармасы жағдай «№51 бөбекжай-бақша» балабақшасында болғанын мәлім етті.

Алынған түсіндірме хатқа сәйкес, тәрбиеші бұл уақытта балаларға түскі ас алып келу үшін шығып кеткен. Сол себепті, балалардың тәртібін қадағалай алмаған.

«Балабақша әкімшілігінің бұйрығымен тәрбиеші қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар балабақша меңгерушісіне де тәртіптік жаза қолданылды», - деп хабарлады Алматы қалалық білім басқармасынан.




Кейін белгілі болғандай, осы іске байланысты тергеу басталды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады.

«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті зардап шеккен баланың анасымен байланысқа шықты. Қазір балаға барынша медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған мәселе Комитет бақылауында»,-делінген хабарламада.