09 сәу, 2024 сағат 13:22

Ауылдарда техника мүлде жоқ – ерікті

Фото: QazAvtoJol


«Қалайсың, балам? Амансың ба? Ауыл кетті, түгел кетті. Үй де кетті, көзімен көрдім ғой, үйдің құлағанын...». Осы бір дыбысты хабарлама әлеуметтік желілерде тарап кетті. Тыңдаған адамның жүрегін қозғайтын бұл хабарлама су басқан аймақтардың бірінің тұрғыны ұлына жазған хаты еді. Ауыр естіледі. Қазіргі кезде елімізге үлкен сынақ келіп, бірқатар аймақты су басып, адамдарды көшіруге тура келсе, кейбірі мал-жанын қарайлап, «аралдағы ауылда» қалуға мәжбүр болды. Ult.kz тілшісі су басқан өңірлерде жүрген еріктілермен тілдесіп, жағдайды сұрап білді.


«Біріншіден, Жангелді, Амангелді ауданында адам шығыны жоқ. Арқалықта бір малшы кісі суға кетті деген хабар бар, бірақ әлі ашық айтқан жоқ. Мал шығыны бар. Әрине, мал шығынын, «аралда» қалып қойған шаруа қожалықтарын әлі барып тексерген жоқ. Малдарын енді-енді түгендеуді бастады. Кейбір шаруалардың малын су алып кеткендер бар. Мысалы, Жангелді ауданында бір шаруа қожалығының 700-ге жуық қойын алып кетті, Амангелді ауданында тағы бір шаруашылықтың 450 бас ірі қараны су алып кетті ақпарат бар. Одан кейін кішігірім әр үйден 4-5, 10-15 бас малдың суға кеткені тіркеліп жатыр. Түгендеу басталды, бірақ түгендеу кезінде халықтан малдың өлексесін, сырғасын алып кел деген ақпарат шығып жатыр. Малды су алып кетсе, оны қалай алып келеді? Осындай фактілер бар, оны әлі талқылап жатыр деп естідік.
Қостанай облысының оңтүстік өңірі Жангелді, Амангелді, Арқалық өңірлерінің эрозиясы өте жоғары. Ол бар факт, қанша пайызға кеткенін қазір толық айта алмаймын. Жангелді ауданында 2 млн гектар бос жер жатыр, пайдаланылмай жатқан бос жер. Шаруашылыққа, мал шаруашылығына өте қолайлы жер. Бірақ халық оны игеріп жатқан жоқ, оған бірден бір себеп, әкімшіліктің түсіндіру жұмыстары немесе кәсіпкерге қолдау көрсету мәселесі жағы баяу болып тұр», – дейді ерікті Ербол Бекбосын.


Оның айтуынша, аймақтарда медициналық көмек, қажеттілік туындаған жағдайда көрсетіліп жатыр. Ал психологиялық көмек дегенді естімеген екен.Сонымен қатар, ел ішінде жүрген ерікті Ербол Ерланұлы мектептер онлайнға көшкенін, колледж, университет қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Себебі қалада ешқандай қауіп болған жоқ екенін айтты. Дегенмен көңіл толмайтын тұстар да жетерлік.


«Басшылықтың жұмысына халықтың наразылығы бар. Себебі, су тасқынына дайын болмай шықты. Төтенше жағдай министрлігі де, әкімшілік те дайын болған жоқ, оны жасыруға болмайды. Алды алу жұмыстары ешқандай жүргізілген жоқ. Амангелдіге, Арқалыққа келгеннен кейін үш күннен соң Жангелді ауданына келді. Күрт еру бар, қардың суы бар, тасқынға дайын болған жоқ. Сосын мұзды бұзу деген бар. Кезінде мұз бұзу деген жұмыстар жиі жүргізілетін. Қазір ол жұмыс мүлдем жүргізілмейді. Соның кесірінен мұздар астына-үстіне шығып, кептетіліп, өзеннің арнасынан шығып кетіп, сол су ауылдарды басты. Негізгі факт – осы», – дейді ерікті.


Оның сөзінше, егер қауіптің алдын алып, ауылдарға бөгеттер жасағанда, су арнасындағы мұздарды бұзғанда ондай фактілер келмес еді деген пікірде. Ал техника деген мүлде жоқ көрінеді. Мысалы, Жангелді ауданының өзінде бір экскаватор, бір трактор, екі камаз ғана бар дейді ерікті. Ал ол кімге жетеді?


«Соны үлестіре алмай отырған әкімшілік кінәлі немесе облыстан ақша бөлінбеген облыс кінәлі. Не соны дұрыс істей алмай отырған аудандық әкім кінәлі. Осындай тіркелген фактілер бар, соның алдын алу жұмыстары жүргізілген жоқ. Одан кейін апаттық жағдай болып жатқан кезде, жеке шаруалардағы техникаларды жалға алу немесе көмекке шақыру жұмыстары да жүргізілуі керек. Мен Жангелді ауданының әкімі Оспанов Шотамен бір рет сөйлестім, тиегіш техника керек екенін айттым. Одан кейін әкімнің орынбасарына да, ауыл әкіміне де ескерттім. «Бізге техника тауып беріңіздер, қалтамыздан ақша шығарып, соляркасын құйып, жұмыс істетейік» дедім. Соны тауып бере алмады. Негізі ауданда 2-3 тиегіш тұрды, жұмыс істеген жоқ. Апатты жағдайда көмектескен жоқ. Соны үйлестіріп, соған ұсыныс айтып, жұмысқа қосуға әкімнің шамасы жетпеді ма әлде халыққа қиын-қыстау кезінде жұмысқа шақыруға әкімнің беделі жоқ па? Осындай мәселелер. Осыдан кейін тұрғындардың Шота Оспановтың жұмысына көңілі толмайды. Содан нәтиже болмағаннан кейін мен аудан әкімінің орынбасары Арман Әбеновке барып, Арқалықтан тиегіш алдыруды сұрадым.  Сосын ол бір тиегіш алдырып, халыққа көмектесті. Соның арқасында қазіргі күні судан апаттың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осындай мәселелерді ұйымдастыра алмаған аудан әкімі орнынан кету керек деген халықтың талабы да бар. Менің пікірім де сондай, себебі көзіміз көрді, ешқандай техника жоқ, төтенше жағдайдағы жұмысы мен әкімшіліктің үйлестіру жұмыстарына көңіл толмайды. Соның кесірінен, халық зардап шегіп отыр. Қазір Жангелді ауданының өзінде осы күнге Тәуіш ауылында 37 үй кетіп тұр. Көкалатта  28 үй, Ахмет Байтұрсынұлының 6 үй, Түйемойнақ деген ауылда 8 үй кетті, Қарғалы деген ауылдан 4 үй кетті. Осы фактімен халық әлі күресіп жатыр. Одан бөлек, фазендаларын су шайып кеткен шаруа қожалықтары бар, олардың саны әлі есептелген жоқ», – дейді Ербол Бекбосын.