Фото: ашық дереккөз
Соңғы екі жылда 2039 мектепте 3128 жаңа пәндік кабинет жабдықталды. Оның ішінде 336 кабинет – болашақ инженерлердің іргетасын қалауға арналған робототехника бағытында іске қосылған. 2029 жылға дейін тағы 945 осындай кабинет ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Ұлттық білім беру деректер қорының (ҰБДҚ) мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде еліміздің мектептерінде 1800-ге жуық робототехника кабинеті жұмыс істейді. Оның 858-і қалалық мектептерде, ал 942-сі ауылдық білім ошақтарында орналасқан.
Аталған бастамалардың нақты нәтижелері де көрініс табуда. Қазақстандық оқушылар халықаралық білім аренасында айқын жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, еліміздің жас өнертапқыштары робототехникадан әлем чемпионатында 190 елдің ішінен үш жыл қатарынан топ жарып, чемпион атанды. Жуырда АҚШ-та өткен додада ұлттық құрама жаңа рекорд орнатып, Қазақстанның техникалық шығармашылық саласындағы жаһандық көшбасшылығын тағы да дәлелдеді.