Фото: Ақорда
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин биыл наурыз айында қабылданған жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен нормаларын іске асыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар бірінші оқылымда үш заң жобасын қарады.
Атап айтқанда:
- «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясы (8 тарау, 43 бап)
- «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясы (12 тарау, 60 бап)
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы
Ерлан Қарин ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға бейімдеу екенін атап өтті.
Сонымен қатар, бұл бастамалар мемлекеттік-саяси жүйені институционалдық тұрғыдан жаңартуға және саяси жаңғыру үдерісін жалғастыруға бағытталған жүйелі құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, заңнаманы үйлестіру жұмыстары және алдағы Құрылтай сайлауы еліміздің дамуында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді.
«Бұл үдеріс конституциялық қағидаттар мен Әділетті Қазақстан құндылықтары негізінде елімізді өркендетудің жаңа кезеңін айқындайды», – деді Ерлан Қарин.
