Фото: gov.kz
Қызылорда облысына жаңа әкім тағайындалды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Ергешбаев өңір басшысы қызметіне кірісті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа тағайындау өңірдегі басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған кадрлық өзгерістер аясында жүзеге асты.
Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық жоғарғы мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданында экономист болып бастап, кейін аудандық өнеркәсіп бірлестіктерінде басшылық қызметтер атқарған. Әр жылдары банк секторында, сондай-ақ төтенше жағдайлар жүйесінде жауапты лауазымдарда жұмыс істеген.
Мемлекеттік қызметте де мол тәжірибесі бар. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының басшысы, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары және «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамының басқарушы директоры болған.
2017–2021 жылдары Қазалы ауданының әкімі, ал 2021–2023 жылдары Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.
