Фото: primeminister.kz
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстандағы ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Үкімет кулуарында журналистер вице-премьерден жалақы бірден көтеріле ме, әлде кезең-кезеңімен жүзеге аса ма деп сұрады.
Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы жұмыс жүргізіп жатыр.
«Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әдістеме жеткілікті икемді. Ең төменгі жалақы еңбек өнімділігі мен медианалық жалақыға байланысты есептеледі. Сонымен қатар белгісіздік коэффициенті де енгізілді. Бірақ нақты қаншаға өсетіні немесе жалпы өсетін-өспейтіні бюджет мүмкіндігіне байланысты», – деді ол.
Сондай-ақ вице-премьер бұл мәселе әлі талқылану үстінде екенін атап өтті.
«Қазір біз үш жылдық бюджетті қалыптастыруды бастап кеттік. Мұндай деңгейде жалақы алып жүрген азаматтарды қуантқымыз келеді. Алайда нақты шешім қабылдау үшін барлық есептер мұқият жүргізілуі тиіс», – деді Жұманғарин.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын.
