Фото: ашық дереккөз
Ішкі істер министрлігі 15 наурызда өтетін референдум қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасап, жалған ақпарат таратпауға шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай маңызды саяси кезеңдерде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы хабарламалар жиі таралады. Олардың негізгі мақсаты – қоғамды адастыру және елдегі жағдайды тұрақсыздандыру.
Жалған ақпарат үшін жауапкершілік бар
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қазіргі кезде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты жалған контент жасау бұрынғыдан әлдеқайда оңай болғанын атап өтті. Соның салдарынан қысқа уақыт ішінде шындыққа ұқсас, бірақ адамдарды жаңылыстыратын материалдар таралуы мүмкін.
Министрлік мұндай әрекеттер заң бұзушылық екенін еске салды. Көрінеу жалған ақпарат таратқан тұлғаларға әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Азаматтарға үндеу
ІІМ азаматтарды заң талаптарын сақтауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Күмәнді хабарламаларды көрген жағдайда оларды әрі қарай жібермеу қажеттігі айтылды, өйткені жалған ақпарат көбіне дәл осындай жолмен таралады.
Министрлік өкілдері референдум кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік толық қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
«Жалған ақпарат тарату және арандатушылық әрекеттер жедел анықталып, заң аясында қатаң қаралады. Сондықтан тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне ғана сену қажет», – деді Шыңғыс Алекешев.
