Фото: Sputnik / Владислав Воднев
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында жаңа Тамақтану стандарты енгізіледі. Стандарт дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген және қантты тұтынуды 3,6 есеге дейін, тұзды 5 есеге дейін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруды көздейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Стандарт сондай-ақ шағын жинақты мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақтануына қойылатын талаптарды қамтиды.
Балалардың тамақтануға қанағаттану деңгейін анықтау және мектепте тамақтануды ұйымдастыру жүйесінің тиімділігін бағалау үшін алғаш рет «жеуге жарамсыздық индексі» (тамақ ішкеннен кейін тәрелкеде қалған тамақ қалдықтары мөлшерінің сатылған тағамдардың жалпы көлеміне қатынасын білдіреді) ұғымы енгізілді.
Тамақтану стандартын іске асыру үшін мектепте тамақтануға арналған бірнеше нұсқалы үлгілік стандартты ас мәзірі әзірленді, алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалды.
"Мектеп оқушыларының тамақтану стандартын енгізу, профилактикалық тексерулер жүргізу, вакцинацияны ұйымдастыру және балаларға шұғыл көмек көрсету бойынша 2 мыңнан астам мектеп мейіргерлері оқытылды. Жаңа Тамақтану стандартын іске асыру үшін Әкімдерден жергілікті бюджеттен қаржыландыруды ұлғайтуды және мектеп тамағының сапасына қойылатын жоғары талаптарды ескеруді сұраймын", - деді Әлназарова Үкімет отрысында.
Еліміздегі балалардың 65 %-дан астамы мектептерде оқиды.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша биылғы жылы мектептердің 4,0%-ы ғана, яғни 312 мектеп пен мектеп асханаларына тексеру жүргізілді.
"Жалпы, тексеру нәтижелері бойынша: 246 нұсқама берілді; 117 адам жалпы сомасы 31 млн теңгеден астам (31 519 980) әкімшілік жауапкершілікке тартылды; 90 қызметкер жұмыстан шеттетілді; сотқа 8 материал жіберілді", - деді министр өз сөзінде.
Жалпы, өткен оқу жылмен салыстырғанда биылғы оқу жылында санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ мектептердің саны 1,4 есе (229-дан 155-ке) азайды.
"Жыл сайын мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілуде, бүгінгі күні 2 мыңға жуық мектеп (1961) мониторингпен қамтылды. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға 95 өтініш қаралып, объектілердің сәйкестігі туралы 88 қорытынды берілді", - деді ол.
Сондай-ақ министрдің сөзінше министрлік мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балалар объектілерінде мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша жаңа тәсілдерді әзірледі.
Онда:
- мектептердегі қызмет көрсететін барлық субъектілерді (мектеп, асхана, медициналық пункті) бір мезгілде тексеру;
- «кенеттен» тексерулер принципін енгізу – алдын ала хабарлауды алып тастау;
- бақылаудың жаңа нысанын енгізу – объектілерге бару арқылы мониторинг жүргізу көзделген.
Заңнамаға тиісті түзетулер Парламент депутатарының қарауында екені айтылды.
