Фото: видеодан скриншот
Қарағандыда жеке маммологиялық орталықта жұмыс істейтін медбикеге ер адам шабуыл жасап, ауыр дене жарақатын салды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ер адам әйелі мен балаларына ілесіп медициналық мекемеге келіп, қызметтік бөлмеге кіруге тырысқан. Кіруге тыйым салынғанына қарамастан, есікті теуіп, ернеуімен жұлып алып, артынша медбикені қатыгездікпен соққыға жыққан.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам шамамен 20 минут бойы әйелді ұрып, саусақтарын сындырған, шашын жұлып, тістелеген.
Медбике ауруханаға бас миының шайқалуы мен бірнеше жарақатпен жеткізілді. Ал күдікті ұсталып, психоневрологиялық диспансерге орналастырылды.
«Жекеменшік медициналық мекеме қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша Қылмыстық кодекске сәйкес іс қозғалды. Полиция мәліметінше, 42 жастағы ер адам белгісіз себеппен қызметтік бөлменің есігін сындырып, медицина қызметкеріне дене жарақатын келтірген. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — делінген Қарағанды облыстық ПД хабарламасында.
Белгілі болғандай, шабуылдаушының туыстары жәбірленуші тараптан арызын қайтарып алуды сұрап отыр. Олар ер адамның «жақсы күйеу және үш баланың әкесі» екенін алға тартуда.
Айта кетейік, бұл бір тәулік ішінде медицина қызметкеріне жасалған екінші шабуыл. Бұған дейін Қостанайда науқас уролог-дәрігерді соққыға жығып, ақ халатты жансақтау бөліміне түскен болатын.
