Фото: видеодан скриншот
Қарағандыда өткен ережесіз жекпе-жек турнирінде 18 жастағы спортшы Арслан ауыр бас жарақатын алып, комаға түсті. Бұл туралы оның әпкесі Threads әлеуметтік желісінде жазды.
Оның айтуынша, турнир 2026 жылғы 14–15 ақпан күндері ұйымдастырылған. Алғашқы күні Арслан екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен.
Алайда келесі күні өткен кездесуде қарсыласы тыйым салынған әдіс қолданып, спортшыны басымен жерге лақтырған. Соққыдан кейін Арслан басын ұстап, орнынан әрең тұрған. Туысының сөзінше, оның жағдайы сол сәттен бастап ауырлағанымен, жекпе-жек тоқтатылмаған.
Екінші раунд аяқталған соң спортшы есінен танып, рингте құлап түскен. Куәгерлер оның сол жерде қырылдап, комаға түскенін айтады. Оқиға сәті видеоға түсіп, кейін әлеуметтік желілерде тараған.
Дәрігерлер Арсланға ауыр диагноз қойған: жарақаттан кейінгі миға қан құйылу, бас миының ауыр жарақаты, сол жақ ми сыңарының жіті субдуралды гематомасы, ми ісінуі және 2–3 дәрежелі кома. Спортшыға шұғыл түрде ота жасалған.
