Фото: Voxpopuli.kz
2025 жылғы 16 маусымда Қазақстандық делегация Нью-Делиде өткен Халықаралық Үлкен Мысықтар Альянсы Ассамблеясының алғашқы сессиясына қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл маңызды жиынға тоғыз елдің өкілдері жиналып, сирек кездесетін ірі мысықтарды қорғау мәселесін талқылады. Қазақстан өз кезегінде қар барысы мен жолбарыс сияқты түрлерді сақтау бағытында айтарлықтай тәжірибе мен ынта білдірді.
Ассамблея аясында Қазақстан Үндістанның Қоршаған орта, орман және климаттың өзгеруі министрімен және Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының бас хатшысымен бірқатар келіссөздер жүргізді. Үндістан тарапы Қазақстанға экожүйені басқару, мониторинг және ветеринария салаларында техникалық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, тараптар қар барысы мен басқа да ірі мысық түрлерін сақтау бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға келісті.
Бұл кездесу Қазақстанға жаһандық табиғат қорғау бастамаларына белсенді қатысуға және биоәртүрлілікті сақтау саласында жаңа мүмкіндіктер ашуға жол салды. Жиында жолбарыстарды қалпына келтіру, сирек жыртқыштарды қорғау және ғылыми деректер алмасу мәселелері кеңінен талқыланды.
Қазақстанның табиғат қорғау саласындағы бұл маңызды қадамы еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтып, экологияны қорғауда әлемдік деңгейдегі үлес қосуға бағытталған үлкен серпін болмақ.