26 сәу, 2024 сағат 20:05

Қазақстанда қанша су қоймасы салынады?

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда тасқын суын жинау және сол арқылы елдімекендерді су басу қаупін азайту үшін 20 жаңа су қоймасы салынады.  Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева мәлімдеді, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".


"Жыл басында қабылданған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың концепциясында 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алатын жаңадан 20 су қоймасын салу көзделген. Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 1 су қоймасы - Кеңсай-Қосқорған-2 пайдалануға берілді. Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды, Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы бойынша жоба іске асырылып жатыр", -деді тиісті министрлік өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.


Сонымен қатар, 8 су қоймасының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқан көрінеді. Бұл Ақмола облысындағы Есіл контрреттегіші, Алматы облысындағы Покатилов су қоймасы, БҚО Жалпақтал кентіндегі Үлкен Өзен өзеніндегі су қоймасы және Сексенбай ауылындағы Кіші Өзен өзеніндегі су қоймасы, Жамбыл облысындағы Ырғайты, Қалғұты және Ақмола су қоймалары, Қызылорда облысындағы Қараөзек каналындағы су қоймасы.


"Жаңа су қоймалары Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі құрғақшылыққа қарсы күресте, шаруаларды қажетті сумен қамтамасыз етуге және еліміздің көрші мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділігін 25%-ға төмендетуге септігін тигізеді. Бұдан бөлек, жаңа су қоймаларын пайдалануға беру суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елдімекенді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді", -дейді маман.


Сондай-ақ, концепцияда 2 млрд текше метрге жуық су жинайтын 15 су қоймасын реконструкциялау көзделген екен. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда жұмысты бастайды.