26 шіл, 2016 сағат 12:23

Қазақстандық полиция халықты қорғай ала ма?

Бұл жолы бейбiт тұрғындарды қоспағанда төрт полиция қызмет­керi оққа ұшты. Алғашында жұрт тыныштық бұзғандар бiрнешеу шығар деп топшылаған. Кейiн оның жалғыз адам екенi анықталды. Н.Назарбаев қанды оқиғаны теракт деп атады. Жалпы, осы оқиғаны терроризммен байланыстыруға бола ма? Терроризм – латын тiлiнен аударғанда “қорқыныш”, “үрей” деген мағына бередi. Террорлық әрекетке барғандар кепiл алуды, сол арқылы өзiнiң талабын қоюды көздейдi. Тiптi болмағанда ғимаратты, ұшақ­ты, т.б. басып алуды, жа­рып жiберудi мақсат етедi. Неғұрлым көп қан төгiлсе, қорқыныш күшейедi, үрей ұлғаяды. Сондықтан лаңкестер халық көп шоғырланған жерге әуес келедi.

Ал Күлiкбаевтың әреке­тiнен осындай пиғыл байқала ма? Жоқ. Керiсiнше, ол құқық қорғаушылардан өш алуды жоспарлаған. Мұны бүлiкшiден алынған жауапқа сүйенiп Iшкi iстер министрi Қ.Қасымов айтты. Егер бұ­лай болса, қапыда оққа ұш­қан, жараланған бейбiт тұр­ғындар қылмыскер мен полицейлер арасындағы есеп-­айырысудан жапа шектi деп топшылауға тура келмей ме? Сонда бұл жерде полицейлер халықты содырдан қор­ғау мақсатында жұмыс iсте­ген бе, әлде жалғыз қарақшыны құрықтай алмай, бейсауат адамдардың өмi­рiне қатер төндiр­ген бе?

Әрине, қандықол қарақшының әре­кетiн еш ақтау­ға болмайды. Бiр­неше адамның өмi­рiн қиған оған ең ауыр жаза лайық. Дегенмен оның не­лiктен “өш алмақ” болғаны егжей-тег­жейлi тексе­рi­луi шарт. Өйткенi Кү­лiк­баевтың мұн­дай қатерге бас тiгуi – тек әсi­редiн­­шiл­дiктiң әсерi ғана емес, қоғамдағы әдiлет­сiздiктiң ше­гiне жет­кенiн көр­се­те­тiн белгi болуы да мүмкiн. Өйткенi елiмiзде кiнәсiзге жазықсыз айып тағатын полицейлер, қылмысты өзгенiң мойнына iлетiн тер­геушiлер, әдiлетсiз шешiм шығаратын соттар, пара алғыш прокурорлар аз ба?

Осындай заңсыздықтардан қаншама адам зардап шегiп жатыр? Құқық қорғау органдарының ешбiрiнен әдiлет таппай, тәуелсiз басылымдардың есiгiн қағып жүрген халық қаншама? Жұрттың жөнi түзу жұмысқа не таныс-тамыр арқылы ғана, не пара берiп қана орналасатыны өтiрiк пе? Бұлжымауы тиiс заң атаулыны құқық қорғау органы қызмет­кер­лерiнiң өздерi бұзатыны жалған ба? Қазақстандағы полицейлер параға қызықпайды, әдiл жұмыс iстейдi деп кiм айта алады? Қ.Қасымов айта ала ма?

Бiлiм саласына жиi-жиi реформа жасап, жастарды дүбара жасаған билiк құқық қорғау саласына реформа жүргiзуге асығар емес. Аттестацияның өзi “бармақ бас­ты, көз қыстымен” өтетiн заманда ниет-пейiлi былай тұрсын, физикалық дайындығы сын көтермейтiн мес­қарын полицейлер толып жүр. Олардың денi қызметiн адал атқаруды емес, көлденең табыс табуды көздейдi. Халыққа тiзесi батады, құ­қық қорғау органдарын жек­көрi­нiштi етедi.

Полицияның абырой-бе­де­лiнiң төмендеп, халық сенiмiнен жұрдай болуына билiктiң де сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз. Өйткенi олардың санын азайтып, сапасын көтеру – үкiметтiң қолында. Бiрақ халық толқуынан сес­ке­нетiн билiк полицияны әке десең де, азайтпайды. 2014 жылғы есеп бойынша Қазақстан полиция саны ең көп елдердiң алғашқы алтылығына кiрген. Әр 100 мың адамға шаққанда 444,8 полияциядан келедi. Бiрақ содан қысқарған қылмыс, түзелген тәртiп бар ма?

Полицейлер де, мұғалiм­дер секiлдi “бұйдасы” билiк­тiң уысындағы сала өкiлдерi. Сайлау секiлдi саяси науқандарда олардың “қызметiнiң” қызығын билiк көредi. Бiрақ жалақылары жартымсыз. Жартымсыз болғаннан кейiн де жалақтап жүретiн полицейлер көп. Ал оларды азайтып, өзi iсiне шынайы берiл­ген нағыз азаматтарын қалдыруға, жалақыларын көбейтуге, сөйтiп, әдiл жұмыс iстеудi талап етуге бола ма? Әрине, болады. Мұндай жағдайда халықтың полицияға деген сенiмi пайда болар едi. Халық полицияға сенсе, қылмыстың ашылуына, қыл­мыс­кердiң қолға түсуiне жәр­демдеседi. Ал қазiр “аш пәледен қаш пәле” дейдi.

Өйткенi сенбейдi, сенбеген соң қорқады. Көпшiлiк қазiр полицияны қорғаушы емес, басыңды бәлеге шатып, қалтаңды қағатын алаяқ секiлдi көредi.

Митингiлердiң тұсында полициядан мүлде абырой кеттi. Қазақ жерiн шетелдiктерге сатуға қарсы жұртты жас-кәрiсiне қарамай қолын қайырып, мойнын бұрап, көлiкке тиедi. Полиция бөлiмдерiне апарып қамады. Кейбiрiн сойылға жықты, бiрқаншасына жалған айып тақты. Жоғарыдан тапсырма түссе, тап-тұйнақтай орындайтынын көрсеттi. Халықтың емес, билiктiң қорғаушысы екенiн дәлелдедi. Есесiне, ел сенiмiнен басыбүтiн айырылды.

Жаңаөзендегi қырғын полицияның маңдайына басыл­ған таңбамен тең. Шаңырақтағы ойраннан кейiн жұрт полицияға шошына қарайтын болды.

Соңғы оқиғаның халыққа түк қатысы жоқ. Бұл – көп ұлтты ел екенiн мақтан тұтатын, дiнге еркiндiк берiп, әлемдiк Дiндер съезiн өткiзгiш билiктiң қателiгi. Дiни ағымдарға бақылау жасамаудың кесiрi. Сол кемшiлiк оқ боп атылды…

Бетiн ары қылсын, ертең нағыз терроризм қылаң берсе, бүгiнгi полиция халыққа қорған бола ала ма?

Қ.Баян,

«Жас Алаш» газеті