Фото: istockphoto.com
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мектеп бағдарламасына жол қозғалысы ережелерін оқытатын жеке міндетті пән енгізуді ұсынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, арнайы сабақтар балаларға жолда заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі, әрі ер жетіп, көлік жүргізе бастағанда жол қауіпсіздігіне оң ықпал етеді.
Балалардың жол көлік жарақатының алдын алуда ең мықты құралдардың бірі – жас жол инспекторлар жасағының қызметін ұйымдастыру екенін айтты.
"Әлемнің көптеген елінде мектеп оқушыларын жол қозғалысы қауіпсіздігіне тарту идеясы білім беру мен қоғамдық мәдениеттің бір бөлігіне айналған. Халықаралық тәжірибе мұндай бастамалардың жол-көлік жарақаттарын азайтып, өскелең ұрпақта азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыратынын көрсетеді", – деді Сұлтанбаев.
1 қыркүйек қарсаңында Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен мұғалімдерді полицейлермен бірлесіп, әр оқушының үйден мектепке және кері қарай жүретін ең қауіпсіз жолын алдын ала белгілеуге шақырды.
«Бала мектепке де, үйге де әрдайым бір ғана ең қауіпсіз бағытпен қатынауы тиіс, оны жатқа білуі қажет», – деді ол.
Кәмелетке толмағандардың кінәсінен болған жол апаттарында 17 бала қайтыс болып, 200-ден астамы әр түрлі дене жарақатын алған.
Жаяу-жүргінші балалардың қатысуымен болатын жол апаттарының негізгі себептері - жолды кез-келген жерден өту, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету және жақындап қалған көліктің алдынан жүгіріп шығу.
