14 там, 2025 сағат 13:23

"Көмектесудің орнына, күліп тұрды": Танымал блогер Балқашта суға батып кете жаздады

Фото: Қарағанды полициясы

Балқаш қаласында су аттракционында демалып жүрген үш қыздың өміріне қауіп төнді. Оқиғаға қатысы бар адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Қарағанды облысының Полиция департаменті.

Полицияның мәліметінше, 8 тамызда 24 жастағы астаналық қыз қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетілгені туралы арызданған. Тергеу барысында аттракцион қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан демалушылардың суға бату қаупі туындағаны анықталды.

Жәбірленушілердің бірі Аружан Магзум әлеуметтік желіде болған жағдайды баяндап берді. Оның айтуынша, олар «диван» атты аттракционды ең қауіпсіз деп таңдап, мінген. Алайда қатты толқын кезінде қыздар суға түсіп кеткен. Оның айтуынша, қызметкерлер уақытында көмек көрсетпеген, керісінше оларға күліп, мазақтаған. Тек бір қыз есінен танған кезде ғана катер жүргізушісі әрекет еткен. Судағы өзге қыздар да қауіпке тап болып, бірінің купальнигі арқанға оралып, бата бастаған. Оны басқа бір демалушы — гидроциклмен арттарынан ілесіп жүрген қыз құтқарған.

Жағалауда куәгерлер мен қыздардың туыстары жедел жәрдем мен полиция шақырған. Үш қыз «аспирациялық пневмония» диагнозымен ауруханаға жеткізілді.

Полиция департаменті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мұндай оқиғаларға жол бермейтінін және кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.