Фото: ашық дереккөз
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бала 1,5 жасқа толғаннан кейін әйелдер жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем рәсімдей алады деген шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай «схеманың» заңды негізі жоқ екенін және азаматтарды жаңылыстыратынын мәлімдеді.
Тараған хабарламаларда әйелдерге алты ай бойы әлеуметтік төлем алу үшін мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу ұсынылған. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады. Сондықтан ол жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек нақты жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарға ғана беріледі.
Министрлік сондай-ақ жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға ғана тағайындалатынын еске салды. Ол үшін азаматтар жұмыссыз ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды орындауы қажет. Егер төлем алушы жұмысқа орналасса, бұл туралы мансап орталығына уақтылы хабарлауы тиіс.
Ведомство өкілдері жалған мәліметтер ұсынылған жағдайда төленген қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен қайтарылатынын ескертті. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді алу мақсатында әдейі жалған ақпарат беру алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде алаяқтық фактілері бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Бес өңірде 7 сот үкімі шығарылған. Тергеу барысында азаматтардың әлеуметтік желілердегі, соның ішінде Instagram желісіндегі жарнамаларға сеніп, әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемаларына тартылғаны анықталған.
Осыған байланысты министрлік азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.
Әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық ақпаратты министрліктің ресми сайтынан және 1414 байланыс орталығы арқылы алуға болады.
