Фото: видеодан скриншот
Астанадағы тергеу изоляторында қызметкердің әрекетінен жарақат алдым деп шағымданған Перизат Қайраттың мәлімдемесі расталған жоқ. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті ресми түрде хабарлады, деп жазады Ult.kz.
9 шілде күні Перизат Қайрат прокуратураға ресми шағым түсіріп, СИЗО қызметкері камера есігін қатты жауып, өзін қысып кеткенін айтқан болатын.
Алайда полиция бұл оқиға бойынша бейнебақылау жазбаларын зерттеп, Қайраттың мәлімдемесі дәлелсіз екенін анықтаған.
«Камера есігін жапқан кезде жарақат алдым деген шағым расталған жоқ. Бұл фактіні тексеру кезінде бейнежазбаларда мұндай оқиға болмағаны анықталды», – делінген полиция мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Арнайы сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Еске салсақ, Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қоры арқылы 3 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен сотқа тартылған. Перизат Қайрат бұған дейін айыпты мойындамай, жұртшылыққа «шындықты жеткіземін» деген болатын.
