Алматы халықаралық әуежайына УЕФА Чемпиондар лигасының қатысушысы – испандық «Реал Мадрид» футбол клубының негізгі құрамы келіп қонды, деп хабарлайды Ult.kz.
Еуропаның басты клубтық додасына қатысып жатқан мадридтік футболшыларды қазақы қонақжайлылықпен қарсы алды. Әуежайда қонақтарға ерекше құрмет көрсетіліп, дәстүрлі аспаптарда орындалған Чемпиондар лигасының әнұраны көпшілікті тәнті етті.
Әуежайдың баспасөз қызметі бұл сәтті «спортқа деген сүйіспеншілік пен ұлттық әуеннің үйлесімі» деп сипаттады.
Клубтың ресми парақшасында да Алматыға сапар жайлы жазба жарияланды. Ұзақ жолдан кейін ойыншылардың шаршаңқы болғаны байқалды.
Қазақстандық жанкүйерлер де көптен күткен клуб мүшелерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Әсіресе әуежай алдында сағаттап күткен балалардың қуанышы ерекше болды.
