25 сәу, 2024 сағат 10:10

«Салтанат пен Баталовты ешнәрсе байланыстырмайды": Марқұмның ағасы мәлімдеме жасады


Фото: Айтбек Амангелдігінің жеке архивінен 


Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында қазақстандық танымал кәсіпкер Райымбек Баталовтың да есімі аталды. Көптің көкейінде жүрген сұраққа жәбірленуші Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Instagram-дағы парақшасында жауап беріп, әңгіменің нүктесін қойды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


"Бүгін басты сот тергеуі аяқталды. Бейнежазбаларды қайта қарадық және мен қазір тек бір мәселені талқылап, нүктесін қойғым келеді. Өйткені бұл тақырып өте маңызды. Мен бұл туралы соңғы рет айтып отырмын деп үміттенемін. Мен қазір Линара және Райымбек Баталовтарға хейт кетіп жатқанын білемін. Мен олар да сот отырысынан зардап шеккен басқа да тараптар секілді жәбірленуші деп ойлаймын. Олар да осы уақыт аралығында өзінің психикалық тұрақтылығын жоғалтқан бүкіл Қазақстан халқы сияқты", – деді марқұмның ағасы.


Сонымен қатар Айтбек сотталушының ойындағы нәрсе тек оның миында екенін айтады.


"Кеше біз телефоннан бейнежазбаны қараған кезде судья видеолардың аяқ жағын ғана қойды. Сондықтан көпшілік түсінбей қалды. Видеоның басында Салтанат ұзақ уақыт бойы өзіне қойылған сұрақтарға нақты жауап береді, ал айыпталушы сұрақтың жауабы өзіне ыңғайлы болмайынша қайталап қоя берді", – дейді Айтбек Амангелді.


Айтбек Амангелдінің айтуынша, бейнежазбада Салтанат пен танымал кәсіпкер Райымбек Баталов екеуін ешнәрсе байланыстырмайды. Марқұмның ағасы олардың араларында ешнәрсе жоғын нақтылап өтті.


"Мен бұдан басқа қандай түсініктеме, дәлел қажет екенін білмеймін. Шынымды айтсам маған бәрібір. Сот аясында біз бәрін дәлелдедік. Видеоның бұл бөлігі неліктен тікелей эфирде естілмегенін білмеймін. Өйткені біз адамдар Салтанаттың дауысын естуі үшін әдейі осы видеоны тыңдауға қойған болатынбыз. Сондықтан бұл жай ғана – факт. Ол ауру сұрағына жауап алу үшін оны түні бойы азаптады. Мен оның неге Райымбек Баталовқа сонша қызғанышпен қарайтынын білмеймін, түсінбеймін”, – деді Айтбек Амангелді.


Бұдан бөлек ол айыпталушының өзіне қызғануға себеп ойлап тауып, мотив жасағанын атап өтті.