Фото: скриншот
Ресейдің cыртқы істер министрі Сергей Лавров бразилиялық O Globo газетіне берген сұхбатында, Украинадағы қақтығысты реттеу үшін Қырымның, ДХР, ЛХР, Херсон және Запорожье облыстарының Ресейдің құрамына кіргенін халықаралық деңгейде мойындау міндетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
«Біз Киевтің НАТО-ға кірмеуі және оның бейтарап әрі блоктарға қосылмайтын мәртебесін 1990 жылғы Украина Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияға сәйкес бекіту украин дағдарысының Ресейдің қауіпсіздік мүдделеріне сай түпкілікті шешілуінің екі негізгі тірегінің бірі деп санаймыз. Екінші тірек — Киевте 2014 жылғы ақпандағы мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде орнаған неонацистік режимнің салдарларын еңсеру, оның ішінде орыс тіліне, бұқаралық ақпарат құралдарына, мәдениетіне, дәстүрлеріне және канондық православиеге қарсы заңнамалық әрі физикалық жою әрекеттерін тоқтату», — деді Лавров.
Министр барлық міндеттеме заң жүзінде бекітілуі, оларды орындау механизмдерінің болуы және олардың мерзімсіз сипатта болуы керектігін атап өтті.
Сыртқы істер министрінің айтуынша, қазіргі күн тәртібінде «Украинаны демилитаризациялау және денацификациялау, санкцияларды, сот істері мен тұтқындау ордерлерін жою, Батыста "тоқтатылған" ресейлік активтерді қайтару» мәселелері тұр.
«Біз сондай-ақ Ресейге НАТО, Еуроодақ және олардың жекелеген мүше мемлекеттерінің біздің батыс шекараларымызда жүргізетін дұшпандық әрекеттерінен туындайтын қауіптерге қарсы сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін талап етеміз», — деп қосты Лавров.