22 мам, 2025 сағат 17:43

ШҚО-да заңсыз алтын өндіру әрекеті әшкереленді

Фото: Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында арнайы техника қолдану арқылы заңсыз алтын өндіру дерегі анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.

ШҚО полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы өңір аудандарының бірінде қымбат бағалы пайдалы қазбаларды заңсыз өндірумен айналысқан топты ұстады.

Жедел іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратының көмегімен заңсыз қазба жұмыстары жүргізілген жердің нақты орнын анықтады. Оқиға орнынан алты адам ұсталды.

Тергеу кезінде бір экскаватор, үш металл іздегіш құрылғы, екі автокөлік және топырақ үлгілері тәркіленді. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, жерасты байлықтарына келген залал мөлшерін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды.

Айта кетейік, мұндай заңсыз әрекеттер мемлекет экономикасына ғана емес, сондай-ақ табиғи ортаға – өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, табиғи ландшафтқа да елеулі зиян келтіреді.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, кез келген заңсыз әрекеттер туралы “102” нөміріне хабарлау қажеттігін ескертеді. Табиғи байлықтарды қорғау тек бірлескен күш-жігер арқылы жүзеге асады.