17 ақп, 2026 сағат 16:46

Шымкентте автокөлік газ реттегіш пунктіне соғылып, жарылыс болды

Фото: видеодан скриншот

Шымкентте газ құбырында өрт шықты – оқиға автокөліктің соқтығысуынан болған. Жүргізуші көлік салонынан дер кезінде шығып үлгерген, деп хабарлайды Ult.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның нақтылауынша, Еңбекші ауданының Базарқақпа тұрғын алабында жеңіл автокөліктің шкафты газ реттегіш пунктіне соғылуы салдарынан газ-ауа қоспасы жарылып, кейін факелді жану орын алған.

Оқиға орнына жеткен өртке қарсы қызмет бөлімшелері жедел әрекет етіп, өртті сөндіру және конструкцияларды салқындату үшін екі жауынгерлік оқпаннан су берген.

Өрт сөндірушілер жалынды оқшаулап, оның тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді. Жарылыс салдарынан жақын маңдағы жеке тұрғын үйдің терезелері зақымданған.

Өрт толықтай жойылды. Зардап шеккендер жоқ.

Жүргізуші жалын күшеймей тұрып автокөлік салонынан өз бетінше шығып үлгерген.