12 ақп, 2024 сағат 11:23

Соңғы екі жылдағы екі ірі өрттен 100 мың гектардан астам орман жойылды

Соңғы екі жылдағы екі ірі өрттен келген залалдардың сомасы 182 миллиард теңгені құраған және 100 мың гектардан астам орман жойылды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Орманды қалпына келтіруге кемі шамамен 20-30 жылдай уақыт кетеді. Ал, осы іс-шараларға ірілендірілген есептеулер бойынша 150,9 миллиард теңге қажет болады. Яғни жалпы шығын шамамен 384 миллиард теңгені құрап отыр. 
«Сараң екі төлейді» деген сөз бар. Жалпы шығын қажетті сомадан бес жарым есе асып тұр. Үкімет қажетті соманы тез арада шешіп, бүкіл материалдық-техникалық базаны реттеп алғаны тиімді емес пе? Бұл мемлекет үшін де, табиғат үшін де пайдалы болатыны айтпасада түсінікті», - дейді Еділ Жаңбыршин.


Ал, азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес республиканың барлық орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін 68 миллиард теңге қажет екен. 

Депутат Орман шаруашылығы комитетінің жұмысы көңіл көншітпейтінін айтып отыр. 

«Соңғы екі жылда табиғатты қорғау мекемелерінің объектілерінде 80-нен астам тексеру жоспарланғанымен, тек бір ғана тексеру болған. Басқаша айтқанда, Комитет республика өңірлеріндегі нақты ахуалдан және нақты мәселелерден хабарсыз деуге болады. Бұл кешенді тексеру жоспарларын жасау кезінде Комитет басшылығының өзекті әрі маңызды мәселелерді ескермейтінін және осы салада қалыптасқан жағдайдан бейхабар екенін көрсетіп отыр», - дейді Е. Жаңбыршин. 


Депутат өз сөзінде орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету әлі де өзекті болып отырғанын айтты. 

«Өткен жылы Абай облысында болған өрттің талдауы көрсеткендей, арнайы техникалар өрт орнына жете алмады.  Өйткені техника паркі өткен ғасырдың 70-80 жылдары шығарылған көліктерден құралған, материалдық-техникалық база ішінара болса да жаңартылмаған. Осының салдарынан 2023 жылы орын алған өртті дер кезінде ауыздықтауға Қорық дайын болмай шықты. Прокуратураның мәліметі бойынша Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылықтарын жабдықтау 40% деңгейінде. Қазіргі таңда 6,8 миллиард теңге қажет ететін 2260 өрт сөндіруге арналған техника мен жабдықтар қажет, 44 өрт сөндіру бекетінің 5-уі техниканың бұзылуына байланысты жұмыс жасамайды», -дейді депутат.