04 сәу, 2024 сағат 16:22

Су тасқыны: Қазгидромет жағдай ушығуы мүмкін екенін ескертті


Фото: ҚР ТЖМ


Қазгидромет Қазақстандағы су тасқыны жағдайы күрт нашарлауы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат». 


Синоптиктердің хабарлауынша, "Росгидромет" РМК болжамына сәйкес, Жайық өзені ағынының қалыптасу жоғарғы аймағындағы бақылау деректеріне сүйене отырып, көктемгі су тасқынының күтілетін көлемі 2023 жылға арналған көпжылдық орташа мәндер мен көрсеткіштерден 2-2,5 есе асып түседі.


Қазақстан аумағында Жайық өзені Жайық-Көшім өлшеу стансасында (Батыс Қазақстан облысы) 7 сәуір мен 12 сәуір аралығында ашылады деп болжанып отыр. 


"Жайық-Көшім учаскесінде көктемгі су тасқынының көлемі 11,0-ден 15,0 текше километрге дейін болады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерден айтарлықтай асып түсіп, рекордтық көрсеткіштерге жетеді", - деді "Қазгидромет" РМК.


Айта кетейік, бұған дейін Қостанайдағы су тасқынына қарсы жедел штаб тұрғындарға төтенше жағдайға дайын болу керегін айтып, ескерту жасаған еді. Ведомство өзендегі су деңгейі күрт көтерілген жағдайда Колесный ряд ауданын (Пионерская, Красный Кузнец, Тобольская, Юный Боец, Дачная көшелері) су басып қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.