10 шіл, 2025 сағат 11:35

Техастағы су тасқыны: Қаза тапқандар саны 119-дан асты

Фото: Unnews.com

АҚШ-тың орталық бөлігінде орналасқан Техас штатындағы су тасқыны салдарынан кемінде 119 адам қаза тапты, ал 161-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Ult.kz Sky News-ке сілтеме жасап.

Жергілікті биліктің мәліметінше, жоғалған адамдарды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл оқиға АҚШ-тағы соңғы жарты ғасырдағы ең көп адам өліміне әкелген су тасқыны ретінде тіркеліп отыр.

Ең қатты зардап шеккен аймақ – Керр округі, мұнда кемінде 95 адамның қаза тапқаны белгілі.

Техас штатының губернаторы Грег Эбботт сейсенбі кешкісін штат бойынша 173 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында екенін мәлімдеді. Ол 14 шілде күнгі күн шығуына дейін Техас штатының туын төмен түсіруді бұйырды. Бұл – су тасқыны құрбандарын еске алу белгісі.

Еске сала кетейік, алапат су тасқыны жұма күні таңертең Сан-Антонио қаласынан 140 шақырымдай солтүстік-батысқа қарай орналасқан аймақта болған. Қайғылы жағдай Гваделупе өзенінің қатты нөсер салдарынан арнасынан асып кетуімен байланысты.