28 нау, 2019 сағат 16:43

Тікұшақ апаты: Өңірлердегі барлық әскери бөлімдерде митингтер өтті

Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық өңірлердегі әскери бөлімдері мен құрамаларында митингтер өткізілді. Онда жеке құрам Қызылорда облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан қызметтестеріне бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кеше оқу-жаттығу барысында ҚР ҚК тікұшағының апатқа ұшырауы салдарынан бортта болған 13 әскери қызметші көз жұмды. Қазақстан Қарулы Күштерінің барша жеке құрамы қаза болған қызметтестерінің туысқандары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Бұл - Қазақстан армиясы үшін орны толмас қайғы. Олар ақтық демдері қалғанша өздерінің әскери борыштарын адал орындады. Қызметтестері туралы жарқын естелік батырлық, жанқиярлық пен патриотизмнің үлгісі ретінде әскери қызметшілердің жадында мәңгі есте қалады», - делінген Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасында.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.

Тікұшақта болған 13 адам қаза тапты.