28 нау, 2019 сағат 17:10

Тікұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына 1 млн теңгеден көмек беріледі

Маңғыстау облысының әкімдігі тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасына 1 миллион теңгеден көмек беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов құлаған тікұшақтың тізгінінде болған эскадрилья командирінің орынбасары, майор Роман Костыговтың отбасына барып, көңіл айтып қажетті көмектің көрсетілетінін жеткізді. 

«Қайғылы оқиғада қаза тапқан, Маңғыстауда 30153 әскери бөлімінде әскери міндетін атқарып жүріп, марқұм болған қызметкерлердің отбасына Маңғыстау облысы әкімдігі атынан 1 миллион теңге көлемінді материалды көмек көрсетіледі»-деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.

Тікұшақта болған 13 адам қаза тапты.