Фото: видеодан скриншот
Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Ақсукент ауылында жергілікті тұрғын бір күннің ішінде екі бірдей жол-көлік оқиғасын тудырып, жасөспірімдердің денсаулығына зиян келтірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Полиция мәліметінше, CHANGAN автокөлігін тізгіндеген әйел алдымен жаяу жүргіншілер өтпесінде баланы қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Арада көп уақыт өтпей, келесі бір көшеде рульге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Соның салдарынан орындықта отырған мектеп оқушысын қағып тоқтаған.
Зардап шеккен екі бала да шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің тексеруінен кейін олардың бірі үйіне жіберілсе, екіншісі медициналық көмек алуда.
Тәртіп сақшылары жүргізушіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Сараптама қорытындысы әйелдің көлікті мас күйінде басқарғанын растады. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
