Фото: ашық дереккөз
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм композитор Арман Дүйсеновтың жұбайы Айсұлу Айданқызы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Ол бұл туралы «TalkLike» бағдарламасында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Айсұлу Айданқызының айтуынша, 2024 жылдың 7 қазанында 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсен өз пәтерінде қол-аяғы байланған күйінде өлі күйінде табылған. Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу әлі күнге дейін нақты шешімге келмеген.
Сонымен қатар ол Алматы қаласы соттары шығарған шешімдер әділетсіз екенін айтып, 2025 жылдың 24 қазанында Бостандық аудандық соты Айсұлу Айданқызы, оның 13 жастағы баласы және 83 жастағы әкесін тұрып жатқан пәтерден шығару туралы шешім шығарғанын алға тартты.
Айтуынша, сот пәтерге қатысты дауды Абылайдың өлімі бойынша тергеу аяқталмай тұрып қараған. Ал мәселені көтерген Мұқаш Санжар тергеу барысында марқұм Абылайдан тек қарызға ақша бергенін, пәтерді кепілге ғана алғанын көрсеткен. Тергеу сотының 2024 жылғы 15 қазан және 2025 жылғы 30 шілдедегі қаулыларында бұл мәлімет расталған.
Марқұм мен Мұқаш арасындағы хат алмасуларда 65 млн теңгенің өте жоғары пайызбен қарызға берілгені айқындалған. Ал дауласушы тұлғаның нарықтық құны 140 млн теңге болатын пәтерді иемденуге ұмтылғаны көрініп тұрғанына қарамастан, сот қылмыстық істің материалдарын сұратпаған күйі біржақты шешім шығарған.
Айсұлу Айданқызы бұл жағдай әділетсіздік деп санап, Президенттен жеке бақылауға алуды және әділдік орнатуға көмектесуді сұрап отыр.
