24 шіл, 2025 сағат 16:44

Жетісуда фельдшерлер өртеніп жатқан үйден балалар мен ересектерді құтқарып қалды

Ескелді ауданындағы №6/6 жедел жәрдем бригадасы шақыртудан қайтып келе жатқанда Текелі бағытына апарар тас жолдың бойында өртке оранған үйді байқап қалған. Медициналық қызметкерлер Ғабит Ерғажы, Дамира Рахимова және жүргізуші Мұрат Сәтеков бірден әрекетке көшкен.

Олар дереу тоқтап, сирена мен жарық сигналдарын қосып, көмекке ұмтылды. Үйдің есігі жабық болған, ал іштен ешқандай тіршілік белгілері байқалмаған. Соған қарамастан, жедел жәрдем тобы терезелер мен есіктерді ұрып, ұйықтап жатқан тұрғындарды оятып, оларды далаға шығаруға көмектесті.

Үйде 5 ересек адам мен 2 бала, оның ішінде омыраудағы сәби болған. Тұрғындар тек құжаттарын ғана алып үлгеріп, жалын құшағындағы үйден аман шыққан.

Адамдар құтқарылғаннан кейін санаулы минуттар ішінде үй толығымен жанып кеткен.