Фото: Polisia.kz
Ішкі істер министрлігі мал ұрлығына қарсы күресті күшейтіп жатыр. Осы бағыттағы кезекті операция нәтижесінде Жамбыл облысында екі бірдей қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сәуірдің екінші онкүндігінде Сарысу ауданында жылқы ұрлығын кәсіпке айналдырған күдіктілер ұсталды. Тергеу дерегінше, олар далада қараусыз жайылған малды алдын ала бақылап, түн ішінде “Газель” көлігімен келіп тиеп әкеткен. Ұрланған жылқылар кейін көршілес аудандарда сатылып отырған.
Полиция мәліметінше, күдіктілер жалпы құны 15 миллион теңгеден асатын 39 жылқыны қолды қылған. Қазір барлық күдікті қамауға алынды.
ІІМ өкілдері мал ұрлығы үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті. Сондай-ақ мал иелеріне төрт түлікті қараусыз қалдырмай, міндетті түрде сәйкестендіру шараларын жүргізу ұсынылды.
