Фото: Qamqor.gov.kz
Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының қазасына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша Сұлтан Сарсемалиевтің психикалық денсаулығында ауытқу жоқ екені анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, отбасы мүшелерінің қазасы әртүрлі уақытта тіркелген: бір бөлігі 2025 жылдың мамырында, қалғандары қараша айында көз жұмған. Барлық жәбірленушінің денесінен пышақ жарақаттары анықталған, өлім себебі – ауыр дене жарақаттары.
Облыстық прокуратура өкілдерінің айтуынша, қылмыстың ықтимал себебі – отбасылық жанжал. Қазіргі уақытта Сарсемалиевке қатысты екі және одан да көп адамның өлімі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сонымен қатар, қосымша экономикалық сипаттағы баптар бойынша да тексеру жүргізілуде.
Күдіктінің жұбайына қатысты психиатриялық сараптама әлі аяқталған жоқ, ол арнайы мекемеде бақылауда.
Тергеу барысында Сарсемалиевтің ел аумағынан заңды түрде шығып кеткені және кейін шетелде ұсталып, Қазақстанға қайтарылғаны анықталды.
Қазір іс бойынша барлық сараптама қорытындылары күтіліп отыр. Тергеу аяқталғаннан кейін нақты құқықтық баға беріледі.
