24 сәу, 2026 сағат 14:36

Бірге тұрған әйелін өлтірген ер адам 8 жылға сотталды


Фото: pexels


Қостанай облысы Меңдіқара аудандық соты бірге тұрған әйелінің өліміне себеп болған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады. Оған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру арқылы абайсызда өлімге әкеп соққан әрекет бойынша айып тағылған, деп хабарлайды  соттың баспасөз қызметі.


Оқиға биыл 3 қаңтар күні кешкі уақытта болған. Сот материалдарына сәйкес, мас күйдегі ер адам қызғаныш салдарынан бірге тұрып жатқан әйелін соққыға жыққан. Алған ауыр жарақаттарынан жәбірленуші көз жұмған.


Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Прокурор оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанымен, сот барлық мән-жайды ескере отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.


Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындау, өкініш білдіру және сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ал қылмысты алкогольдік мас күйде жасау ауырлататын фактор деп танылды.


Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.