2026 жылғы 7 мамырда Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өз жұмысын бастады. Съезге Қазақстанның барлық өңірінен шамамен 1000 делегат қатысып жатыр. Съезд аясында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес партия қызметін ресми бастау үшін қажетті шешімдер – жарғысы мен бағдарламасын бекіту, сондай-ақ басшылық органдарын айқындау жоспарланған.
«Әділет» партиясының негізгі құндылықтары ретінде әділеттілік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму жарияланды. Партия өз бағдарламасында әділеттіліктің негізі «Заң мен Тәртіп» қағидаты екенін атап өтеді.
Партия Қазақстандағы кез келген адал еңбек – мамандық пен жұмыспен қамту түріне қарамастан – әділ әрі лайықты бағаланатын жағдай қалыптастыруды мақсат етеді. Жан-жақты жаңғырту бағытын қолдай отырып, «Әділет» елдің технологиялық, зияткерлік және институционалдық дербестігін қалыптастыруды жақтайды.
Бағдарламалық ұстанымдарда адами әлеуетті нығайтуға ерекше назар аударылған. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамыту арқылы жүзеге асырылмақ. Партия медицинаны формалды есептерге емес, адам денсаулығына бағытталған модельге көшіруді, сондай-ақ алғашқы медициналық көмекті күшейтіп, медицина қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайын жасауды қолдайды.
Мемлекеттік құрылым мәселесінде партия елдің шынайы бәсекеге қабілеттілігі өңірлердің теңгерімді дамуына байланысты деп санайды. Әрбір өңір орталық тарапынан әділ назарға ие болуы тиіс.
Халықаралық аренада «Әділет» Қазақстанның жауапты орта держава әрі жаһандық қайшылықтарды теңгеруге қабілетті тұрақтандырушы күш ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейді.
Сонымен қатар, партия саяси жауапкершіліктің жаңа стандартын енгізбек. Атап айтқанда, әрбір партияның сайлаушылар алдында бағдарламадағы әр тармақ пен берілген әр уәде бойынша тұрақты түрде жария есеп беру тәжірибесін қалыптастыру ұсынылады.
Партия мүшелігіне 18 жасқа толған, Жарғы мен Бағдарламаны мойындайтын Қазақстан Республикасының азаматтары қабылдана алады. Заң бойынша саяси бірлестіктерге қатысуға тыйым салынған тұлғалар партияға мүше бола алмайды.
Еске салсақ, 15 сәуірде бастамашыл топ жаңа партия құру ниеті туралы ресми мәлімдеме жасаған болатын. Ал 16 сәуірде ҚР Әділет министрлігі тиісті хабарламаның қабылданғанын растады. Осылайша, 7 мамырдағы құрылтай съезі ұйымды құру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болып отыр.
Партия съезге заңда белгіленген 5000 мүшелік межеден асып, 9812 мүшемен келіп отыр. Сондай-ақ әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан кемінде 200 мүшеден болуы туралы талап та орындалған.
Құрылтай съезі тек формалды тіркеу рәсімі ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы саяси қатысу мәдениетін дамыту мен өкілді демократия институттарын нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалануда.
