Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы күніне орай қазақстандықтарды құттықтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілер мен күштік құрылым өкілдерінің еңбегіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақорданың баспасөз қызметі Президент бұл мерекенің мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы ерекше екенін атап өткенін жазды. Сонымен қатар, жауынгерлердің ерлігі, рухы мен қайсарлығы әрдайым құрметке лайық екенін айтты.
– Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні күзетіп жүрген, сондай-ақ Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жатқан азаматтарға құрмет көрсетілетін күн, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бүгінгі сарбаздар мен командирлер батыр бабалардың жолын жалғастырып, шынайы отаншылдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Әсіресе, халықаралық бітімгерлік миссиялардағы, әскери оқу-жаттығулар мен түрлі сайыстардағы кәсіби дайындық Қазақстан армиясының әлеуетін айқындай түскен.
Мемлекет басшысы армияның кез келген күрделі міндетті орындауға дайын екенін айтып, қорғаныс қабілетін күшейту мен әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.
Сонымен қатар Президент Конституциядағы «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деген қағидаға тоқталып, бұл ұстаным мемлекет пен халықтың өзара жауапкершілігін айқындайтынын айтты.
– Біз Отанға адал қызмет ету қағидатын берік ұстана отырып, Әділетті, Қуатты әрі Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Президент жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқару кезінде ерлік көрсеткен, ұлттық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
