23 сәу, 2026 сағат 15:14

«Алданбаңыз»: зейнетақы қорынан ақша алып беруге уәде ететін алаяқтар көбейді


Фото: kazgazeta.kz


Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) азаматтарды делдал қызметін ұсынып жүрген күмәнді тұлғаларға сенбеуге шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.


Қор мәліметінше, әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн платформаларда зейнетақы жинағын заңды шектен тыс «шешіп беруге» көмектесемін деп алдын ала ақы сұрайтын қызметтер жиілеген. Мұндай ұсыныстардың басым бөлігі заң талаптарына сай келмейді және азаматтарды қаржылық тәуекелге ұрындыруы мүмкін.


Ресми түрде зейнетақы төлемдері ешқандай делдалсыз, қосымша комиссиясыз және тек заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.


БЖЗҚ мұндай күмәнді схемаларға қатысу тек қаржыдан қағылуға емес, жеке деректердің үшінші тұлғалардың қолына түсуіне де себеп болуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан азаматтарға тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, күмәнді ұсыныстардан бас тарту қажет.


Заңнамаға сәйкес, зейнетақы жинағын белгілі бір жағдайларда ғана пайдалану мүмкін. Атап айтқанда, зейнет жасына жеткенде, І немесе ІІ топтағы мүгедектік белгіленгенде, шетелге тұрақты тұруға кеткенде немесе мұрагерлік тәртіппен беріледі. Сондай-ақ, жинақтың бір бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделу шығындарына жұмсалуы мүмкін. Алайда барлық рәсімдер тек заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс.


БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын пайдалану тек уәкілетті операторлар арқылы жүзеге асатынын тағы да еске салды.