Фото: ашық дереккөзден
Ақтөбеде қоғамда үлкен резонанс тудырған жол апатына қатысты қылмыстық іс қайта қаралатын болды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Апелляциялық саты жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты шығарылған ақтау үкімінің күшін жойды. Сондай-ақ, іс бойынша қабылданған жеке қаулы да жарамсыз деп танылды.
Прокуратураның мәліметінше, биыл наурыз айында Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен өткен сот отырысында айыпталушы кінәсіз деп танылған. Ол төрт адамның, оның ішінде үш баланың өліміне әкелген жол апаты бойынша айыпталған еді.
Қайғылы оқиға 2023 жылы болған. Апатқа ұшыраған екінші көлікті әйел адам басқарған. Бір сәтте ол күйеуі мен үш бірдей баласынан айырылып, орны толмас қасіретке душар болды. Бұл жағдай қоғамда кең талқыланып, түрлі пікір туғызды.
Алғашында әйел адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған. Кейін куәгердің айғақтарына сүйене отырып, айып жүк көлігінің жүргізушісіне тағылған. Алайда алқабилер оны да кінәсіз деп таныған.
Прокуратура бұл шешіммен келіспей, апелляциялық өтінішхат енгізген. Нәтижесінде, апелляциялық сот істі қайта қарауға жіберіп, даулы іске нүкте әлі қойылмағанын көрсетті.
