23 сәу, 2026 сағат 17:29

Өскемендегі сарбаз өлімі: командирлер сот алдында жауап береді


Фото: ашық дереккөз


Өскеменде қаза тапқан сарбазға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.


Тергеу барысында Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет атқарған батальон және взвод командирлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға берілді.


Прокуратура мәліметінше, лауазымды тұлғалар әскери жарғы талаптарын өрескел бұзып, бірнеше рет жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол берген. Қаза болған сарбазға және оның алты әріптесіне жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетілген. Бұдан бөлек, взвод командирі қару-жарақты сақтау тәртібіне бақылау жүргізбей, қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған.


Тергеу барысында құқықбұзушылықтарға қатысы бар барлық қызметкерлер анықталды. Қылмыстық іс билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау баптары бойынша қозғалып, сот қарауына берілді.


Оқиғадан кейін әскери бөлім командирі мен оның екі орынбасары қызметінен босатылды. Сонымен қатар, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.


Еске сала кетейік, 23 қаңтарда Өскемен гарнизонында сарбаз Қ. Оспанов қарауыл қызметін атқару кезінде өзіне оқ атып, алған жарақатынан қайтыс болған.