Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Түркістанда бой көтерген жаңа мешітті аралады. Бұл нысан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рухани байланыс пен бауырластықтың символы ретінде бағаланып отыр, деп хабарлады Ақорда.
Мешіттің орталық залында Құран оқылып, қонақтарға ғимараттың ерекшеліктері таныстырылды. Құлшылық үйі Өзбекстан президентінің Түркістан жұртшылығы мен қазақстандықтарға жасаған тартуы ретінде салынған.
Сәулетінде дәстүрлі ислам нақыштары мен заманауи технологиялар үйлесім тапқан. Ғимараттың қасбеті мен ішкі кеңістігі ұлттық ою-өрнек және каллиграфиямен безендірілген. Мұнараларының биіктігі 61 метрге жетеді.
Мешіт заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталған. Аумағында демалыс аймақтары, субұрқақтар мен жарықтандыру инфрақұрылымы қарастырылған.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Түркістанға Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін барған. Бұған дейін қалаға Өзбекстан мен Қырғызстан президенттері де келгені хабарланған.
