Фото: primeminister.kz
Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Құжаттың негізгі мақсаты – Алатау қаласының қарқынды әрі орнықты дамуына жағдай жасау. Заң аясында инвестициялар тарту, инновацияларды дамыту және экономикалық өсім үшін қолайлы орта қалыптастыру көзделген.
Конституциялық заңға сәйкес, қалада мемлекеттік басқарудың жаңа моделі енгізіледі. Онда кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, әлеуметтік сала, қаржы нарығы, архитектура, экология, мәдениет және спорт секілді бағыттарды реттеудің негізгі қағидалары айқындалған.
Сондай-ақ «Алатау резиденті» деген арнайы құқықтық мәртебе бекітілді. Бұл мәртебе белгілі бір талаптарға сәйкес жеке және заңды тұлғаларға беріледі. Резиденттерге арналған құқықтар мен міндеттер арнайы режимге байланысты белгіленеді.
Қаланың ұзақ мерзімді дамуы стратегиялық құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, даму жоспары, мастер-жоспар және арнайы стратегия қабылданады.
Сонымен қатар Алатауда «ақылды қала» қағидаттары енгізіліп, инфрақұрылым мен қоғамдық қауіпсіздік жүйелері бірыңғай цифрлық басқару платформасына біріктіріледі.
Құжатта инвестициялық климатты жақсарту, инвесторларға кепілдіктер беру, салық-бюджет саясаты және жер қатынастары мәселелері де қамтылған.
Конституциялық заңның толық мәтіні ресми баспасөзде жарияланады.
