Фото: depositphotos.com
Алматы облысында 73 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болып, жалғыз баспанасынан айырылды. Белгісіздер өздерін полиция мен Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, әйелді «арнайы операцияға» қатысып жатырсыз деп сендірген, деп хабарлайды Ult.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Тамара Шин өмірінің көп бөлігін өткізген пәтерін алаяқтардың нұсқауымен өзі сатуға мәжбүр болған. Қаскөйлер оған үйді төмен бағамен өткізу керек екенін айтып, жалған «құпия келісімдерге» қол қойғызған. Олар пәтерді сатуға арналған хабарландыруды да өздері жариялап, сатып алушыны «операцияға қатысушы адам» ретінде таныстырған.
Зейнеткер олардың сөзіне сеніп, үйін небәрі 7,5 миллион теңгеге сатуға келісім берген. Мәміле екі күн ішінде рәсімделген. Сол уақытта әйелдің жақын туысы қайтыс болып, ол жерлеу рәсіміне кетуге мәжбүр болған. Ақшаны көршісіне сеніп тапсырған.
Көршісі де алаяқтардың арбауына түскен болып шықты. Кейін белгілі болғандай, ол да осыған ұқсас тәсілмен алданған, бірақ бұл туралы кеш білген. Ақшаны курьерге тапсырғаннан кейін ғана қаскөйлер өздері хабарласып, істің мән-жайын ашып айтқан.
Оқиға әшкереленген соң жәбірленушілер полицияға жүгінген. Алайда пәтердің жаңа иесі үйді қайтарудан бас тартып, мәселені сот арқылы шешуді талап еткен. Екі бірдей сот процесі жаңа меншік иесінің пайдасына шешілген.
Қорғаушы тарап зейнеткердің алаяқтардың ықпалымен әрекет еткенін дәлелдеуге тырысып, кассациялық шағым әзірлеп жатыр. Сонымен қатар тараптар мәселені сотқа жеткізбей, келісім арқылы шешу мүмкіндігін де қарастыруда.
Қазір полиция алаяқтарды іздестіруде. Ал зейнеткер кез келген сәтте үйден шығарылуы мүмкін – оның енді қайда барары белгісіз.
