24 сәу, 2026 сағат 11:36

Путин қазақ боксшысы Салтанат Меденованы мемлекеттік орденмен марапаттады

Фото: Kp.ru

Әлем чемпионы, боксшы Салтанат Меденова Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен «Отан алдындағы еңбегі үшін» II дәрежелі орденімен марапатталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Марапаттау рәсімі Кремльдегі Екатерина залында өтіп, онда бокстан әлем чемпионаты жеңімпаздары мен Ресей бокс федерациясының өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталған.

Салтанат Меденова – 2025 жылғы IBA әлем чемпионы, сондай-ақ Ресейдің үш дүркін чемпионы (2021, 2022, 2024). Бұдан бөлек, ол 2024 жылғы БРИКС ойындарының жеңімпазы және 2022 жылы 22 жасқа дейінгі жастар арасында Еуропа чемпионы атанған.

Омбы қаласында туған спортшы этникалық қазақ, Қыпшақ руынан шыққан. Оның айтуынша, отбасында әжесі қазақ тілінде сөйлейді, ал ата-анасы қазақ және орыс тілдерін қатар қолданады.