Фото: ашық дереккөз
Павлодарда балабақша тәрбиешісіне қатысты резонансты іс бойынша сот үкімі шықты. Айыпталушы 2–2,5 жастағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Павлодар облысы прокуратурасы хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, тәрбиеші 16 балаға жүйелі түрде күш қолданған. Атап айтқанда, балаларды ұру, шашынан тарту, лақтыру және дене жарақатын келтіру фактілері анықталған.
Сот шешімімен айыпталушыға 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол 3 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Дегенмен, сот үкімінде жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім де көрсетілген.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
