Фото: threads.com/@yelena.sokolova.coach
Алматыда Сайран жағалауында 15 жастағы қызға бейтаныс ер адамның тиіскені туралы оқиға қоғамда резонанс тудырды. Қазір күдіктінің жеке басы анықталып, ол іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға туралы жасөспірімнің анасы әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Оның айтуынша, жағдай 7 мамыр күні таңертең Сайран көлі жағалауында болған.
«Ол қызымды өзімен бірге кетуге көндірмек болып, есірткі ұсынған, әдемі сөздер айтқан. Қызым дер кезінде кетіп қалған, бірақ кез келген басқа бала зардап шегуі мүмкін еді», – деп жазды ол.
Анасының сөзінше, ер адам қыз отырған орындық маңында біраз уақыт жүрген, кейін жанына келіп сөйлескен. Жасөспірім оның сөздерін дауыстық жазбаға түсіріп үлгерген.
Оқиғаға қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталған, алайда ол әлі ұсталған жоқ.
«Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдіктіні ұстауға бағытталған жедел шаралар жүргізіліп жатыр. Оның әрекетіне заңға сәйкес құқықтық баға беріледі», – делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды мұндай жағдайларға бейжай қарамауға және күмәнді әрекеттер туралы дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырды.
