Фото: baq.kz
Атырау облысының прокуратурасы Жайық-Каспий бассейніндегі экология мен биоәртүрлілікті қорғау жұмыстарының күшейтілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Негізгі қауіптердің бірі – бекіре тұқымдас балықтар мен олардың өнімдерінің заңсыз айналымы.
Қадағалау органының дерегінше, браконьерлік көбіне заңсыз өнімді сатып алатындардың сұранысынан туындайды. Яғни, тек заңсыз аулаушылар ғана емес, сатып алушылар да бұл тізбектің бір бөлігіне айналып отыр.
2025 жылдың қорытындысында өңірде экология саласында 30 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 11 қылмыстық іс сотқа жолданып, 10 адамға айыптау үкімі шыққан.
Прокуратура ескерткендей, Қылмыстық кодекстің 339 және 339-1-баптарына сәйкес, сирек кездесетін жануарларды немесе олардың өнімдерін заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және сату да қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Мәселен, биыл Атырау қаласының тұрғыны 500 келіден астам бекіре тұқымдас балық сақтағаны үшін 7 жылға сотталды. Сондай-ақ одан 304 миллион теңгеден астам шығын өндірілетін болды.
Қадағалау органы күмәнді жолмен алынған балық пен уылдырықты сатып алмауға шақырады. Өйткені мұндай әрекет заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстанда заңсыз балық тасымалдаған күдіктілер де ұсталған.
