Фото: ашық дереккөз
Ақтөбеде алаяқтардың құрбаны бола жаздаған әйел бірнеше күн бойы ұйымдасқан қысымға тап болған. Белгісіз тұлғалар өзін түрлі қызмет өкілдері ретінде таныстырып, оны ірі көлемде несие рәсімдеуге көндіруге тырысқан, деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полицияның мәліметінше, алдымен әйелге өзін курьерлік қызметкермін деп таныстырған адам хабарласып, оның атына сәлемдеме келгенін айтқан. Сенімге кірген ол рәсімдеу үшін телефонға келген SMS-кодты сұрап, әйелден оны алып үлгерген.
Көп ұзамай тағы бір қоңырау түсіп, бұл жолы белгісіздер өздерін eGov порталының қызметкерлеріміз деп таныстырған. Олар әйелдің атына несие рәсімделіп жатқанын және банк шоттарында күмәнді операциялар тіркелгенін алға тартқан. Артынша әңгімеге өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деген тағы бір адам қосылып, жағдайды ушықтыра түскен.
Алаяқтар бірнеше күн бойы әйелге психологиялық қысым көрсетіп, “қаржыны қорғау” сылтауымен несие алуға итермелеген. Соның нәтижесінде жәбірленуші банкке барып, несие рәсімдеуге әрекеттенген.
Алайда банк қызметкері клиенттің күмәнді ықпалға түскенін дер кезінде байқап, алаяқтық белгілерін анықтайды. Бұл туралы бірден киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесіне хабар берілген. Полицейлер әйелді бөлімшеге жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Бастапқыда ол алданғанын мойындамағанымен, кейін жағдайды түсініп, алаяқтардың арбауынан құтылған. Жедел әрекеттің арқасында шамамен 2 миллион теңге көлеміндегі несиенің рәсімделуіне жол берілмеді.
Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырады. Белгісіз адамдарға SMS-кодтарды айтуға, өзін банк, мемлекеттік орган немесе полиция қызметкері ретінде таныстырғандарға сенуге болмайды. Күмәнді жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеру қажет.
